Ұстаздардың ұстазы Марқұм Батырбаев Қанай Күмісбекұлының рухына арналады
Өмір-өзен жүйткіп барады. Көзді ашып-жұмғанша тағы да бір жаңа оқу жылы басталып, ұстаздар қауымының төл мерекесі де келіп жетті. Әріптестер бір-бірін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде. Ұялы телефондарға тамаша тілектер, ұстаз туралы ұлағатты сөздер, бейнеклиптер толассыз келіп жатыр.
Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырады бар әлемнен
«Ұстаз» деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең! – деп ұстаздарына жүрекжарды жырлары мен өлеңдерін шәкірттер де арнап жатыр.
Ия, ұстаз – ұлы тұлға. Қолыңа алғаш рет қалам ұстатып, әріп танытып, білім нәрімен сусындатып, бойыңа білім, білік, дағды қалыптастырып, көкірегіңе нұр құятын – ұстаз. Ұстазды қадірлеу – әр шәкірттің парызы. Осы төл мерекенің қарсаңында ұстаздардың ұстазы болған, Ақсу жұртшылығы жақсы білетін, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, бірақ, өкінішке орай ортамызда бүгін жоқ Қанай Күмісбекұлы туралы ой қозғағым келді. Ұстаздар күні қарсаңында бір-бірімізді құттықтап, жақсы тілегін естіп риза болып жатар едік...
Қанай Күмісбекұлымен бірге қызмет істескен жылдар мені қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшысы қызметіне жетелеген мағыналы да мәнді кезең болды. Бұл кезең менің біліктілігім мен құзыреттілігімді, рухани құндылығымды дамытуға, өмірлік тәжірибемді толықтыруға үлкен септігін тигізіп, парасаттылық пен ізгілікке тәрбиеледі.
Талдықорған қаласында №19 М.Жұмабаев атындағы орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп, алғаш Жансүгіров ауылына келгенде орталықтағы үш мектептен де бос орын табылмады. Көп қиналдым. Ақыры аудандық білім бөліміне барып тіркеліп, Ж.Сыдықов атындағы орта мектебіне біраз сағатпен жұмысқа қабылдандым. Аудандық тамыз кеңесінің хаттамасын жазуды маған тапсырған еді. Кезекті хаттамамды білім бөліміне Дариға Итжанқызына өткізуге алып бардым. Ол кісі асықпай қарап, таңертең білім бөліміне келу керектігін айтты. Ертесінде жұмыс бабында әңгімелестік, мені білім бөлімінің басшысы Қ.Күмісбекұлының кабинетіне алып кірді. Қанай Күмісбекұлы бірнеше сауал қойып, білім саласы жөнінде біраз сөйлестік. Сол күні мені білім бөліміне әдіскер болып ауыстым.
Жауапты қызметті атқаруда көп ізденіп, тынбай еңбектенуге тура келді. Жастығым шығар деймін, кабинетімді тазалап, неше жылғы жиналған дүние құжатты жинақтап, артықтарын шығарып, стендіні жаңартып іліп, кабинетті әктеп, мұнтаздай етіп, Қанай Күмісбекұлына барып, кабинетімді көруін өтіндім. Ол кісі жан-жағына асықпай қарап, стендтің жанына келіп, мазмұнына мән беріп көз жүгіртіп шықты. Қабағынан ризашылықтың табы байқалады. Ертесінде Д.Итжанқызына кабинетке люстра мен кілем алып беруді тапсырды. Д.Итжанқызы екеуміз қалаға барып, қажетті дүниені өзіме таңдатып алып берді. Мен басшыма риза болдым.
Қанай Күмісбекұлы әдістемелік кабинеттің жұмысына көп көңіл бөлетін, әр семинар мен конференцияның құндылығына, мазмұнына үлкен мән беріп, бағдарламаны тексеріп бекітіп беретін. Кез- келген шараның дұрыс өтілуін талап ететін, нәтижесін саралайтын, бізге талдататын. Осылайша екі жыл уақыт та өте шықты. Ол кезде мектептер жан-жақты тексерістен өтетін. Тексеру шынымен де жан-жақты, өте қатал өтуші еді. Әр тексерістен соң комиссия тарапынан мектептерге қандай қатты сын-ескертпелер айтылса да, бір ауыз қарсы сөз айтпай, байыппен тыңдайтын. Ол кісі өте сабырлы, салмақты, ақылды еді. Еш уақытта дауысын қатты шығарып ұрыспайтын, бәрін қабағынан танитынбыз.Егер ол кісінің қабағы түсіңкі болса, біздер кесе көлденең алдынан жүрмеуге тырысып, кабинетімізде жұмыс жасап отырушы едік. Шақырып, тапсырма бергенге дейін мазаламауға тырысатынбыз. Бұл қорыққандық емес, басшымызға деген құрмет еді. Біз ол кісіні солай сыйлайтынбыз.
Кезекті тексерістен кейін Е.Сиқымов атындағы орта мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп бір маманды жіберу керек болды. Мектептегі ең ауыр, ең мазасыз жұмыс – директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарынікі. Ол жерге ешкімнің барғысы жоқ. Бір күні кабинетке Дариға Итжанқызы келіп, осы мәселе туралы әңгіме қозғады. Мен ол кісіге «Түбі мені жіберетін шығарсыздар» дедім. Шынымен де осыны айтуға кірген болу керек, Д.Итжанқызы үндемей шығып кетті. Содан Қанай Күмісбекұлының шақыруын күттім, жұмысқа келем, қолым ештеңеге көтерілмейді. Бір күн өтті, шақырмады, екінші күн өтті, шақырмады, үшінші күн дегенде Қанай Күмісбекұлы кабинетіне шақыртып, Е.Сиқымов мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауысу туралы айтты. Мен іштей дайын едім. Келісімімді беріп, шығып бара жатыр едім, бастығым штат сұрап жатқанын, кейін әдістемелік кабинет кеңейсе шақыртып алатынын айтты. Мен үндемедім. Уақыт көрсетер деп ойладым. Мектепте қауырт жұмыстың үстінен түстім, жұмыс бастан асады. Бұл қызметте алғашқы жыл істегендіктен, бұрынғыдан да көп ізденуге тура келді. Қай қалаға, қай ауылға бармасам да, ең алдымен мектепке кірем, оқу-тәрбие үдерісінің жұмысын көруге тырысам, әдістемелік қызметін байқаймын, стенділерін көріп, өзімше зерделеймін, керегімді қағазға түсіріп алып, мектебіме енгізуге асығам. Осылай тағы екі жылдай уақыт өтті. Бірде ғалым Н.Оразақынқызы бастаған мамандар Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институтынан келіп, жаңа технология бойынша біздің мектептің базасында көшпелі курс ұйымдастырды. Соңғы күні аудан мұғалімдері арасында олимпиада ұйымдастырып, семинар жүргіздім. Семинар жоғары деңгейде өтті. Міндетімді атқарып, кабинетіме бара жатқанмын. Қанай Күмісбекұлы тоқтатып, әдістемелік кабинеттің кеңейгенін, 7 адамға штат алғанын айтып, әдістемелік кабинетке меңгерушілікке шақырды. Мен басшымның екі жыл бұрынғы сөзін ұмытпағанына қайран қалдым, әрі риза болдым. Білім бөлімінің әдіскерлерінің жалақысы мектептегіден әлдеқайда төмен бола тұра келісімімді бердім.
Жаңадан кеңейтіліп ашылған әдістемелік кабинеттің жұмысын жаңаша шығармашылықпен жүргізу керек болды. Жеті әдіскер бар. Жұмыстың ауқымы кеңейді. Осы кезеңде де басшымыз үнемі қолдау көрсетіп отырды. Аудан оқушыларының әр жетістігіне қатты риза болушы еді. Әдіскерлерге де, мектеп басшыларына да үйретері көп еді. Біздерге әр мектептің оқу-тәрбие үдерісінің жылдық жұмыс жоспарын бөліп беретін. Алдымен бәрімізді жинап, бір-екі мектептің жоспарын бүге-шігесіне дейін талдайтын, содан кейін тәжірибелі маман ретінде Ғалия Кеңсабақызына талдататын. Келесі күні емтиханға келгендей, кабинетінің алдында жоспарды қорғауға кезекте тұратынбыз. Жеке-жеке кіргізіп, асықпай тыңдап, жоспарды талдататын. Жоспардың сегіз бағытын толық талдап, дұрыс болмаса, неге дұрыс емес, дұрыс болса, неге дұрыс екенін түсіндіруші едік. Күні бүгінге дейін мектептің жоспарын жасап отырған кезде көз алдымда Қанай Күмісбекұлының бейнесі тұрады. Сол кісінің үйреткені маған өмірлік азық болды. Мектеп басшысы болғаныма 10 жылдай уақыт болып қалды. Осымен үшінші мектепте басшылық қызмет етемін. Сол бұрынғы дағды, әдет бойынша жоспарды міндетті түрде қайта қарап, жасаймын. Әсіресе, мектепішілік бақылау мен басқаруды мұқият қараймын. Өйткені мектептегі «бақылау мен басқару – мектеп басшысының ең басты рычагі» деуші еді Қанай Күмісбекұлы. Ол шынымен де солай екенін тәжірибеден де, теориядан да көріп келеміз. Директорлар кеңесін өткізгенде бәріміз әр сөзін мұқият тыңдаушы едік. Біз сияқты жастар үшін әр кеңес педагогикалық менеджмент тұрғысынан дәріс сияқты болатын. Білім бөлімінде директорлар резервінің мектебін құрды. Мамандарға белгілі тақырып бөліп беретін. Ол тақырыпқа тыңғылықты дайындалып, бұл дәріске жауапкершілікпен қарайтынбыз. Қанай Күмісбекұлы солай талап ететін. Білім бөліміндегі бұл кезең мені бұрынғыдан да шыңдады. Қанай Күмісбекұлы басшылық қызметтің қыр-сырын үйретсе, Ерғали Тұрғалиұлы жалпыға бірдей міндетті оқуды ұйымдастыруды шемішкедей шағып беретін, Дариға Итжанқызы кадр мәселесін жан-жақты ұғындыратын, Ғалия Кеңсабақызы тәрбие саласын түбегейлі түсіндіретін, Галина Әнуарқызы кәсіподақ жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыру жолдарын көрсететін.
Ол кезде әдістемелік кабинетінің кеңесі Алматыда облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында өтетін. Кеңестен шығып, ауылға таң ата жетсең де, таңертең жұмыста отыратынмын. Өйткені білім бөлімінің басшысы Қанай Күмісбекұлы мен Ер ағаға кеңесте қаралған мәселені баяндап, қорытындысын айтатын едім. Ол кісілер олимпиада, «Дарын» ғылыми-жоба жарысының, ғылыми-практикалық конференциялардың нәтижелерін асыға тосып отыратын. Оқушының жетістігі қаншалықты әділ, шынайы болғанын сұрайтын, әр жетістікті саралайтын.
Кейіннен Қанай Күмісбекұлы аудан әкімінің орынбасары қызметіне ауысты. Көрген сайын аудан оқушыларын Республикалық олимпиадаға, халықаралық байқауларға қатыстыру туралы айтатын. Сол жылдары араға 10 жыл салып Мамания орта мектебінің оқушысы Бецилаев Ислам қазақ тілі пәнінен Республикалық олимпиадада II орынды жеңіп алды. Ауданнан алғаш рет екі оқушы халықаралық конференцияға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қанай Күмісбекұлының қолдауымен аудан әкімі осы екі оқушының жолына 80 мың теңге қаражат бөлді. Алғаш рет сол кісінің қолдауымен ауданымызда облыс, республика деңгейінде КҒА-ның ғылыми-практикалық конференциясын өткіздік. 26 оқушы жетістіктерге қол жеткізді. Алғаш рет Қанай Күмісбекұлының қолдауымен ауданның дарынды 33 оқушысымен аудан әкімінің кездесуі өтті.
Бірге қызмет істескен жылдарда ол кісінің қатты ренжігенін бір- ақ рет көрдім. Преподаватели күні қарсаңында мектеп басшыларына дастархан жайылды. Бізге басшыларды күту тапсырылды. Бір сәт біз өзімізбен өзіміз боп кеттік. Сол кезде Қанай Күмісбекұлының қатты ренжігені есімде. Бұл ол кісінің тағы бір асыл қасиетін көрсетті. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп бекер айтылмаған ғой. Әр басшының артында бір ұжым тұр, оқушылар мен ата-аналар тұр. Білім бөлімінің басшысы Қанай Күмісбекұлы мектеп басшыларын құрметтеу керектігін өз әрекетімен көрсетті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жан-жағындағыларға шапағатын аямайтын жайдары жан еді. Бұл маған өмірлік сабақ болды.
Көп кешікпей ол кісі Алматы қаласына ауысып кетті. №15 дарынды балаларға арналған мектеп базасында оқушылардың ғылыми-практикалық конференциясы өтетін. Барған сайын басшыма кіріп амандасып, біраз әңгімелесемін. Ауылды сұрайды, білім бөлімін сұрайды, басшылар мен мектептердің жағдайын, оқушылардың жетістіктерін сұрайды. Бірде болмай үйіне алып кетті «Тәтең тамақ асып қойды» деп. Шәкірттердің ұстазына құрмет көрсетуі заңды құбылыс қой, ал ұстаздың шәкіртіне деген құрметі үлкен парасаттылық пен адамгершіліктің, қарапайымдылықтың белгісі деп білемін. Білім бөлімінде қызмет еткен жылдар мені есейтті, кемелдендірді, ойыма ой, санама нұр құя түсті. Аудандағы сол кезде қызмет еткен 1040 ұстазбен, мектеп басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Школыге әдістемелік көмек көрсете жүріп, сол кісілерден де көп нәрсені көңіліме тоқыдым, қоғамдық жұмыстарға да ат салыса араластым. Білім беру саласында, басшылық қызметте, жалпы жұмыс барысында қол жеткен жетістіктерім болса, ең бірінші кезекте білімді де білікті басшымның ықпалы зор деп санаймын.
Барлық саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, бар күш-жігерін ауданымызды дамытуға жұмсаған, үлкенге іні, кішіге ақылшы, ұстаздардың ұстазы бола білген Қанай Күмісбекұлының жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болып, ұрпағына бақ пен ырыс берсін, жасамаған жасын балаларына, Гүлжахан тәтемізге берсін.
Адам өмірі дөңгелекті арба секілді, қатты жүріп бара жатқан арбаның сені қай бұрылыста түсіріп кетері белгісіз...
Р.Н.Ибраимова – Е.Сиқымов атындағы
орта мектебінің директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.