Авторлық мақалалар » "Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Жетісу облысы
Ақсу ауданы білім бөлімінің
" Е.Сиқымов атындағы орта мектебі "
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
14
ноябрь
2017

Авторлық мақалалар

Игі іс

 

Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы

Жаңа өспірім, көркім,

Бейне қолдың саласы

А.Құнанбаев


Бәрі интернаттан басталды. Мектебіміздің жанынан ашылған интернаттың жұмысын ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен кез. Жұмыс бабымен Алакөл ауданы Екпінді ауылындағы Ә. Малгеждар атындағы Екпінді орта мектебінің директоры Бұлғымбаева Күмісхан Малайқызымен телефон арқылы танысып, Әбдікәрім Қалқабаев туралы алғаш рет сол кісіден естідім. Менің Жансүгіров ауылынан хабарласып тұрғанымды естігенде Күмісхан апай қатты қуанып, көптен бері көкейінде жүрген шаруасын айтты. Бірнеше жыл бұрын осы ауылдағы Ә.Қалқабаевтың зиратын іздеп тапқанын, оның кірпіштері жартылай құлап, айы түсіп, аты- жөні жазылған тақтаның шеттері жарылғанын айтты. Өзі зейнеткерлікке шыққан шағында біздің аудандық мешіттің бас имамы Мәнбетов Анарбайдан рұқсат алып, осы зиратты қайта қалпына келтіруді ниет етті. Бұл жағдай мені ойландырып тастады. Біздің ауданның тумасын дәріптеп, қадірлеп жатса, ол кісінің жай адам болмағаны.

Халық білімді даналарға сүйенеді,

Арыстарын ардақтап сүйеді елі.

Мектептің тұңғыш директоры,

Ленин орденінің иегері,

Нағыз адам құрметтеуге лайықты,

Ұмытпайық Әбдікәрім Қалқабаевты, -деп

Екпінді ауылындағы орта мектептің ұжымы бекер жазбаса керек.

Ақсулық Әбдікәрім Қалқабаев 1900 жылы дүниеге келген екен. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған. Бұл кісінің есімі мен Екпіндідегі мектептің тарихы тығыз байланысты. 1930 жылы Екпінді ауылында бастауыш мектеп ұйымдастырылады. Ол Екпінді және Бірлестік колхозының балаларын оқуға тартады. 1935 жылы сәуірде Алматыда өлкелік партия ұйымының VIII конференциясы өтеді. Конференцияда БК(б) П орталық Комитетінің тікелей нұсқауымен Қазақстанда ана тілінде оқитын орта мектептер ұйымдастыру туралы қаулы қабылданып, 7 жылдық мектептердің бірі Жыландыға берілмек болған ШКМ – ны көшіріп, Екпінді қазақ орта мектебі болып осы 1935 жылы құрылады. Мектептің алғашқы директоры болып Ә.Қалқабаев тағайындалады. Осы кісінің ұйымдастыруымен Жыланды мектебінің жанындағы интернат Екпінді орта мектебіне көшіріліп, жоғары оқушыларының оқып шығуына толық жағдай жасалады.

1936 жылдан 1940 жылдың аяғына дейін 8-10 сынып оқушыларына 64 сомнан стипендия төленіп тұрады. Мемлекет есебінен киім және тамақпен қамтамасыз етіледі. Интернатта Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан келген балалар оқып, білім алады, тәрбиеленеді.

Жетім балалар көп болады да, олардың тұрмыс жағдайларына, білім алуына үлкен қамқорлық жасалады. Интернаттың жеке мал шаруашылығы, шағын бау-бақшасы болады. Демалыс және каникул күндерінде оқушылар масақ жинап, егістікте еңбек етеді, шөп шауып, өздерінің жеке шаруашылықтарындағы малдарына қысқа арнап пішен дайындайды. Мектеп директоры Қалқабаев Әбдікәрімнің жас ұрпақты тәрбиелеп, сапалы білім берудегі зор еңбегі бағаланып, Алматы облыстық Советінің депутаты болып сайланады. 1930 жылы Москвада Кремльде жазушы Спандияр Көбеев екеуін Советтік Россияның ақсақалы М.И.Калинин Ленин орденімен наградтайды.

Ең алғаш 1937 жылы орта мектепті 9 оқушы бітіреді. Ол түлектердің 7- і де сол кезде мектепті басқару ісіне ерте араласқан дейді.

Қалқабаев Әбдікәрім Ұлы Отан соғысына қатысып, қасіретті жылдардың куәгері болып, жеңіс шаттығын 3 жауынгерлік ордені және 4 медальмен қарсы алады.

Одан кейінгі жылдары Ақсу ауданына ауысып, осы ауылдағы қазіргі Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің директоры болып жүргенде 1955 жылы қайтыс болады. Артында қалған қызы шет елде болғандықтан, әкесі қайтыс болғанда келе алмаған көрінеді.

Басқа ауданның адамдары біздің жерлесімізді ұмытпай, еңбегін бағалап, артында қалған бір белгі–зиратын жөндемек боп жатқанда, біздің Ақсулықтардың қолғабыс жасамауы азаматтық парызға жатпас еді. Күлсімхан апай мектеп әкімшілігін мен қызметкерлерін алып, екі жеңіл машинамен мектепке келді. Аудандық мешіттің бас имамы Анарбай Мәмбетов келіп, құран бағыштады. Игі іс таңертен басталып, екі ауданның азаматтарының арқасында кешке аяқталды. Зираттың жартысына дейін құлап жатқан кірпіші қаланып, айы мен аты-жөні жазылған мрамор тақтасы орнатылды. Жақсы адамның жақсылығын дәріптеу, бағалау, қамқорлық пен қайырымдылық жасау- өскелең ұрпақ үшін өнеге, үлгі. Қазақта "Өлі риза болмай, тірі байымайды ” деген сөз бар. Ә.Қалқабаев ағамыздың жатқан жері жайлы, жаны жәнатта болсын дейміз. Ол кісінің білім саласындағы қажырлы еңбегі біз үшін қашан да үлгі болмақ. Біздің мектеп қызметкерлері, "Шоңай батыр” бастауыш партия ұйымының мүшелері осындай игі іске өз үлестерін қосқандарына риза. Сонымен қатар осы істің басы- қасында бізбен бірге болған имам Анарбай бауырымыз біздегі әр шараға қолдау көрсетіп жүргеніне айтар алғысымыз шексіз. Мектеп жанынан ашылған интернатқа келіп, қандай көмек қажет екенін сұрап, балалардың жағдайымен танысты. С.Хасенов екеуі құрбан айт кезінде балаларға базарлық: шашки, шахмат, доп әкеліп, бір қуантып тастады. Расында да, құрбан айт құрбан шалумен шектелмесе керек. Ол қайырымдылық пен қамқорлық, бірлік пен ынтымастық, береке мен ырыс сыйлайтын ұлық мереке. Халықта "Жақсылық жасасаң, балаға жаса, періштелер қуанады” деп бекер айтылмаған. Шынымен де біздің имамдардың қайырымдылығына періште- балалар ерекше қуанды.

Ұлы Дала Ұрпағының ұлағатты парызы- жас жеткіншектерді имандылық пен ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу. Мәдени мұралардың сабақтастығын сақтау, өскелең ұрпаққа үлгі болар тарихи мұраны, патриоттық сезімді, дәстүрді, мықты рухты ұрпақ бойына сіңіру- басты мақсаттардың бірі. Біздің Қазақстан –Ұлы Дала елі, Мәңгілік ел. Біздер осы Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруда өз жұмысымызды үздіксіз жандандыра бермексіз.

Ибраимова Рахат Нығметбекқызы- облыстық мәслихаттың депутаты,

«Шоңай батыр» БПҰ-ның төрайымы,

Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің директоры.

Похожие публикации: