Авторлық мақалалар » "Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Жетісу облысы
Ақсу ауданы білім бөлімінің
" Е.Сиқымов атындағы орта мектебі "
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
14
ноябрь
2017

Авторлық мақалалар

Білімнің салтанат құруы

Тәуелсіз мемлекетіміз жаңа тарихи кезең-Қазақстанның үшінші жаңғыруына аяқ басып, алдына әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын қойып отыр. Бұл мақсатты жүзеге асыруда еліміздегі саяси реформа және экономикалық жаңғырумен қатар рухани жаңғырудың, ұлттық сананың жаңғыруының аса маңызды процесс екенін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетіп берді. Бұл мақала көзі қарақты, көкірегі ояу әр қазақстандықты елең еткізіп, салмақты ой салды. Елбасымыз өзінің мақаласында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сынды бағыттарды айқындап берді. Әрбір елдің өсіп - өркендеуі, рухани - мәдени саласының нығаюы, жан -жақты дамуы сол елдің білім жүйесінің деңгейімен айқындалатыны белгілі. Сондықтан да білімнің салтанаты- жалпыға ортақ құндылық. Заман талабына сай қоғам өзгеріп, мемлекетіміз әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуда. Халықаралық тәжірибелерді саралай отырып, білім беру саласын дамытуға Елбасымыз ерекше мән беріп, технологиялық революцияның қазіргі кәсіптердің тең жартысын жойып жіберетінін ескерте келе білім көшінен кенжелеп қалмау үшін бар жағдайды жасауда. Елімізде «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып, ең жоғары деңгейдегі университеттер жұмыс жасап, зияткерлік мектептер қалыптасты. Қаншама педагогтар жаңартылған білім мазмұны бойынша білімдерін жетілдіріп жатыр. Қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, үш тілді оқытуға кезең – кезеңмен көшу-заман талабы болып отыр. Білім саласындағы кез келген жаңалық, кез келген инновация, кез келген реформа мектеп қабырғасында және білім бері ошақтарында жүзеге асырылатыны белгілі. Бүгінгі таңда ақпараттың 90% ағылшын тілінде жарияланып, әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырғаны да уақыт талабына сай ағылшын тілін меңгеру қажет екенін білдіреді. Сол сияқты экономикадағы жаңа өзгерістер үшін мамандар дайындау мақсатында «Баршаға арналған тегін кәсіптік - техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Бұл келелі мәселелердің барлығы да ел келешегі мен мемлекетті дамыту үшін аса маңызды. Елбасымыз уақыт пен заман талабына сай XXI ғасырдағы қоғам мен қоғамның әрбір мүшесінің санасын жаңғыртудың негізгі бағыттарын жан-жақты талдай келе, таяу жылдардағы міндеттерді де нақтылап берді. Соның ішінде ең бірінші кезекте, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жобасын ұсынып отыр. Бұл кеше ғана қозғалған мәселе емес, бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқан ұсыныс екені белгілі. 2006 жылы Елбасымыз Қазақстан Халықтары Ассамблеясының XII сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылығы мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек»,-деген еді. 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісетініміз керектігін мәлімдеді.

Елбасымыз қазақ әліпбиінің тарихына үңіле отырып, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын көрсетіп берді. 2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикасындағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептердегі оқулықтарды дайындауды тапсырды. Бұл мәселені жүзеге асыру жауапкершілігі білім саласы қызметкерлері мен ғалымдардың еншісінде екендігі анық. Сонымен қатар мемлекетімізді дамытып, рухани құндылықтарымызды сақтау үшін аса маңызды «Туған жерге туыңды тік», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды жобаларды ұсынды. «Туған жерге туыңды тік» акциясы ауданымыздың әкімі Әділбек Егеубекұлының қолдауымен осыдан үш жыл бұрын басталып, жалғасын табуда. Бұл игі іс барлық мекеме басшылары үшін үлгі болды. Білім мекемелерінің басшылары мектеп ауласын көгалдандыру, безендіру сияқты жұмыстарын осы акция аясында жүзеге асыруды қолға алдық. Биылдың өзінде мектебіміздің жанынан «Мәңгілік Ел» қарағайлы бақ аллеясы ашылды. Басқа жобалардың жүзеге асырылуына да үлкен мән беріп, қол ұшымызды тигізуге қашан да дайынбыз. Патриотизм кіндік қаны тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан да жалпыұлтттық партиотизмнің нағыз өзегі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру – әр қазақстандықтың борышы. Мемлекетіміздің табысты болуының ең басты факторы- білім екенін әр азамат терең түйсінуі қажет. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» - дегендей, болашағымыз жарқын болсын. Болашағы біртұтас ел ғана Мәңгілік Ел болмақ.

Ибраимова Рахат Нығметбекқызы-облыстық мәслихат депутаты,

Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің директоры

Похожие публикации: