Авторлық мақалалар » "Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Жетісу облысы
Ақсу ауданы білім бөлімінің
" Е.Сиқымов атындағы орта мектебі "
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
14
ноябрь
2017

Авторлық мақалалар

Қарттарым аман - сау жүрші.

Біз «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең, ауылыңда төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең» деп, көнекөз қарияларын ерекше қадірлеген халықтың ұрпағымыз. Мағыналы да мәнді ғұмыр кешкен, көненің көзіндей болған шежірелі қарттарымыз әр үйдің ғана емес, әр ауылдың асыл қазынасы.

Қарттар күні әр ауылда, аудан деңгейінде кеңінен аталып, іс-шаралар қазан айы бойы өткізіліп келеді. Бұл мерекенің қазан айында ғана емес, жыл бойы, әр мереке сайын жалғасын табуына жас буынның да тигізер ықпалы зор. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Осы орайда біздің «Шоңай батыр» БПҰ мүшелері, Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің ұжымы мен оқушылары «Қамқорлық жасауға асығайық» жобасы аясында жұмыс жүргізудеміз. Бұл жобаның мақсаты - көмекке мұқтаж жандарға, зейнеткерлер мен ардагерлерге көмек көрсету, қолдау жасау. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Айтбаев Амантай ағамыз да ақыл- кеңесін беріп, біздің жобамыздың жүзеге асуына өз септігін тигізуде. Қарттар мерекесіне орай Дикова Мария мен Төлеуболатова Шамау апайлардың үйлеріне барып, интервью алып, пікір алмастық. Екі қарт анамыздың да ризашылықтарында шек болмады. Өткен өмір жолдары туралы кеңінен баяндап, оқушылар мен ұжымға жақсы тілектерін айтты.

Шамау апай небәрі екі жасында ғана әкесінен қалған екен. Әкесі 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, сұрапыл соғыстың куәгері болып, жеңіске 4 ай қалғанда қайтыс болады. Сұрапыл соғыс кезінде политрук, снайпен болып, Приморский край Кеңгелен деген жерде қаза табады. Соғыс аяқталғаннан кейін Шадай (Үштөбе ) деген жерден Ташкенов деген сельсовет арнайы келіп, медаль, ордендерін табыстап, Шамау апайға 18 жасқа дейін пенсия тағайындаған екен. Шамау апай 40 жыл сауда бөлімінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ал Дикова Мария Александровна 1932 жылы Арасан ауылында дүниеге келіп, әр түрлі салада еңбек етеді. Көп жылдар даярка болып, қызылшада істеген, еден жуушы болып 13,5 жыл істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы және 70 жылдығы медальдарыменмен марапаттаған. Бұл кісілер қандай жұмыс атқарса да, өз заманында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, ауылшаруашылық салаларының дамуына өзіндік үлес қосты, ерінбей еңбек етті, барлық күш- жігерлерін аямады. Соның нәтижесінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Біз, арттағы ұрпақ, қарттарымыздың тұрмыс - жағдайларымен танысып, қолдан келгенше қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз. Мария апайымызға азық- түлікпен көмектесіп, қолғабыс тигізгенімізге ризамыз. Шын жүректен шыққан алғысына бөленудің өзі-қуаныш.

Жас ұрпақтың бойына ұлттық және рухани құндылықтарды сіңіру, үлкенге құрмет көрсету, инабаттылық пен имандылыққа тәрбиелеу ісінде мектеп қабырғасында түрлі кездесулер ұйымдастырудың мәні зор. Өзінің 70 жасқа келген торқалы тойында қуанышын өз туған жерімен, елімен бөлісе келген Жазылбекова Қалима Қожахметқызы бастап келген Сүлейменова Ләззат, Садуақасова Нығметжан, Есімжанқызы Ырза, Ақтаева Бағдат сынды апайларымызбен кездесу, ол кісілердің игі істері, еңбек жолдары жас буын үшін үлкен өнеге, үлгі болып табылады. Бұл кездесу оқушыларға ерекше ұнады. Бұндай шаралар жеткіншектерді мейірімділік пен қайырымдылыққа, имандылыққа тәрбиелейді. Бүгінгі таңда жастар үшін бұл- аса қажетті құндылық. Себебі, бұрын- соңды біздің халықта болмаған, туған әке- шешесін қарттар үйіне өткізіп жүрген безбүйректердің санының артуы - үлкен қасірет. «Біздің балаларымыз-біздің қарттығымыз» деп текке айтылмаса керек. Біздің жастрадың жүрегінде иман, санасында сәуле, бойында қайырымдылық пен мейірім болса, бұндай жағдай болмас еді. Осы орайда мына бір аңыз еріксіз ойыңа оралады. Қайырымсыз қара ниетті әйеліне қарсы келе алмаған иіні жұмсақ бір жігіт әкесін қапқа салып, алыс тауға апарып тастап кетпек болады. Әкесін үйде ешкім жақтырмайтын, сондықтан осында қалдыруға мәжбүр болып тұрғанын айтып, әкесін тастап кеткелі жатқанда, әкесі: «Балам қапты қайта ала кет. Ертең сен қартайғанда сені де балаларың тауға апарып тастауы үшін осы қап қажет болар», -деген екен. Ойландыратын, ой салатын аңыз. Аңыз түбі шыңдыққа жанасады. Тау, тас –қазіргі қарттар үйі. Сондықтан да қарттарымызды қадірлейік, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпайық дегім келеді.

Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, ақылдың дариясы- қарттарымыз қашан да аман - сау жүрсін.

Облыстық мәслихаттың депутаты,

«Шоңай батыр» БПҰ-ның төрайымы,

Е.Сиқымов атындағы орта мектептің директоры Р.Н.Ибраимова

Похожие публикации: